ҚАЗАҚСТАН ӨНІМІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

By | 05.11.2017

Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты Ресейдің «Алтын күз – 2017» халықаралық  агроөнеркәсіптік көрмесіне қатысып, «Қазақстан Республикасы жағдайында әулиекөл тұқымдас мал етінің жоғары өнімін шығаруға арналған селекциялық және технологиялық негіздерін әзірлегені үшін» 19-шы ауылшаруашылық көрмесінің мақтау дипломына ие болды. 

«Алтын күз» – Ресейдегі ірі агроөнеркәсіптік көрме болып саналады. Көрме жыл сайын Ресей  Үкіметінің қолдауымен өңірлік және шет елдердің ауылшаруашылық өнімдерін ел назарына ұсынады. Осы жылы айтулы шараға Ресейдің 70 өңірімен қоса 15 мемлекеттен 1400-ге жуық өнеркәсіп өкілдері қатысты. 20-дан астам шетелдік компаниялар мен 130 ұйым өз өнімдерін және ауылшаруашылық техникасын ұсынды.

Қазақстандық стендте қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарының (Х.А.Амерханов, Ә.М.Омбаев, М.В.Тамаровский, О.В.Даниленко, Ю.А.Юлдашбаев) етті ірі қара бағытындағы, оның ішінде әулиекөл тұқымы бойынша ұжымдық зерттеу еңбектері қойылды.

Қазақтың әулиекөл сиыр тұқымын өсіру  жұмыстары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алады, ол тек 1992 жылы ғана арнайы ет түрі ретінде қабылданды. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде етті тұқымдардың үш генетикалық материалы пайдаланылды: қазақтың ақбас сиыры, абердин-ангус және шароле тұқымдары. Бүгінде бұл мал тұқымдары Қазақстанның барлық өңірлерінде өсіріліп, аймақтардың түрлі табиғи-климаттық жағдайына төзімділігімен және жем талғамайтын қасиеттерімен дәлелденген.

Төрт күнге созылған көрмеге 300 мың адам қатысып, оның 110 мыңы павильондардағы экспозицияларға көз тіксе, ал 200 мыңы ашық алаңқайларды аралаған.

ҚазМШЖӨҒЗИ баспасөз қызметі