БАҚТИЯР САДЫҚ – 70 ЖАСТА

By | 12.01.2018

12 қаңтар күні Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мәжіліс залында белгілі ғалым, институттың бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Бақтияр Садықұлы Садықтың 70 жас мерейтойына арналған кеңейтілген ғылыми кеңес отырысы болып өтті. 

Институт ғалымдарының қатысуымен өткен кеңесті төраға — институттың бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев құттықтау сөзімен ашып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді және бұл мерейтой алда өз жалғасын табатынын жеткізді.

Кеңеске арнайы келген ҚР «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» төрағасының орынбасары, ҚР АШҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болатхан Мақатов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Серік Кененбаев және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман, т.б. ауылшаруашылығы саласының ғалымдары мерейтой иесінің жүріп өткен ғылым жолын саралап, өздерінің құттықтау тілектерін арнады.

ҚазМШЖӨҒЗИ ғалымдары — ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ж.Аманжолов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор М.В.Тамаровский, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ш.Ш.Асанов әріптес ғалымның табысты еңбек жолдарынан сыр шертті.

Бақтияр Садық 1948 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдаған (1969). Қазақ егін шаруашылығы ҒЗИ аспирантурасын (1979), Ауыл шаруашылығын басқарудың Жоғары мектебін (1985, Мәскеу) аяқтаған.   Дүниежүзілік Банктың қаржылай көмегімен халықаралық тағылымдамадан (АҚШ, 2005) өткен.

Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, академик. ҚР агро өндірістік кешенінің тұрақты дамуы мәселелеріне арналған 3 телефильмнің ғылыми кеңесшісі. «Жайылымдық ресурстарды басқарудың қазақстандық моделі» атты кітабын, фермерлерге арналған «Деградацияланған жерлерде дақылдарды өсіру» атты оқу құралын, «Жасыл» технологияларды қолдану арқылы өнімді ландшафты тұрақты басқару», «Қазақстандағы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану» атты әдістемелік нұсқаулығын жазған. Сонымен қатар 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы. БҰҰ Даму Бағдарламасының «Экватор-2017» халықаралық жүлдесінің иегері. Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының Құрметті азаматы.

ҚазМШӨҒЗИ баспасөз қызметі