Институт туралы

ҚАЗАҚ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ МАЛ АЗЫҒЫ ӨНДІРІСІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ – мал, құс шаруашылықтары мен мал азығы өндірісі бойынша еліміздегі барлық ғылыми-зерттеулерді, олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге бағытталған жұмыстарды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан үйлестіруші ірі ғылыми орталық. Ол 1933 жылы ұйымдастырылған Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу, 1969 жылы құрылған Қазақ шабындық және жайылым ғылыми-зерттеу институттарының заңды мұрагері болып табылады. Институтта 21 ғылыми бөлім, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын сынау бойынша акредиттелген сынақ орталығының құрамына кіретін мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын анықтау зертханасы, геномодық селекция және ДНҚ талдау бөлімі, мал азығын зоотехниялық талдау зертханасы жұмыс істейді. Олардың материалдық-техникалық базасы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Институтта 190 қызметкер, оның ішінде 25 ғылым докторы, 42 ғылым кандидаты, 3 ҚР ҰҒА академигі, 1 Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Респуликасы Мемлекеттік сыйлығының – 4, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың 7 иегері жұмыс істейді.

ИНСТИТУТ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУЛЕР:

  • мал мен құстың жаңа тұқымдарын, сүлелері мен желілерін шығару, мал шаруашылығы өнімдерін, мал азығын өндірудің инновациялық технологияларын игеру негізінде мал шаруашылығы салаларының дамуын ғылыммен қамту;
  • Қазақстанда мал, құс шаруашылықтары мен мал азығын өндірудің селекциялық, технологиялық әдістерін зерттеу және оларды жетілдіру бойынша 29 Республикалық ғылыми мекемелердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру;
  • мал, құс шаруашылықтары өнімдерін өндіру, мал азығын дайындау және осы салалар бойынша мал тұқымын асылдандыру мәселелерімен айналысатын аймақтық ғылыми-зерттеу мекемемелері мен ауыл шаруашылық құрылымдарына ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету.