КӨКЖИЕГІ КЕҢ БАСТАМА

By | 07.11.2017

Біріккен Ұлттар Даму Бағдарламасы мен Экваторлық Бастама серіктестігінің «Экватор-2017» халықаралық сыйлығына Қазақтың мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Садық Бақтияр ие болды. 

Ғалымның басшылығымен жүзеге асырылған Жаhандық Экологиялық Қордың Шағын Гранттар Бағдарламасының серпінді жобасының нәтижелері ауыл шаруашылығын орнықты дамытуда жергілікті мәселелерді шешудің көрнекті мысалы ретінде  жоғары бағаланды.

Жобада жоңышқа мен көпжылдық  шөптерді өсірудің әрбір фермерге қолжетімді «жасыл» технологиясын қолданып, тозған жерлердің құнарлылығын  тездетіп қалпына келтіру көзделген.

Үш сатылы тәуелсіз сараптамалық бағалаудан өткен соң 120 елден түскен 806 номинацияның ішінен, ғалымның жұмысы «Экватор-2017» халықаралық сыйлығына ие болған 15 жүлдегерлердің бірі  ретінде таңдап алынды. Бұл жүлдеге ТМД елдері ішінен тек Қазақстан ғана ілігіп отыр.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Біріккен Ұлтттар Ұйымының 72-ші Бас Ассамблеясының бір бөлігі ретінде Нью Йорк қаласының Town Hall Theatre ғимаратында халықаралық ұйымдар, ұлттық үкіметтер, саясаткерлер, жергілікті қауымдастықтар және баспасөз өкілдерінің қатысуымен өтті. Марапаттау куәліктерін БҰҰ Даму Бағдарламасының басшысы А.Штейнер табыстады.

БҰҰ-ның Медиа-аймағында журналистерге арналған пресс- конференцияда Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Р.Бөлтіріков  пен «Экватор-2017»  жүлдесінің иегері Б.Садық  бұл 2011 жылы Біріккен Ұлтттар Ұйымының 72-ші Бас Ассамблеясында Қазақстан Республикасының Президенті және Ұлт Көшбасшысы  Н.Ә.Назарбаевтың  ұсынған «Жасыл Көпір» бастамасын  іске асырудың нақты мысалы болып табылатынын атап көрсетті.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында жемшөптік дақылдардың егіс көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылғандығы, бағдарламаны іске асыруға жергілікті қауымдастықтарды, шағын және орта шаруашылықтарды кеңінен тарту үшін кооперативтер құрылып, көпжылдық жемшөптік дақылдарды егуге кететін фермерлердің шығындары толығымен мемлекет қаржысы есебінен қайтарылатындығы айтылды. Сондай-ақ  бұл іс шаралар шаруаларды мемлекеттік  қолдаудың әлемде теңдесі жоқ бірегей мысалы екендігін жеткізді.

Қазақстанның бұл бастамасының көкжиегі кең, оның аумақтық немесе ұлттық шекарасы жоқ. Оны жүзеге асыру барлық елдер мен мемлекеттерде жердің құнарлық күшін тез қалпына келтіреді және азық түлік қауіпсіздігін нығайтуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, барлық ұлттар мен ұлыстар үшін  қосымша жұмыс орындары ашылып, тұрақты табыс табу үшін жағдайлар жасалады. Оны Жаhандық Экологиялық Қор мен Біріккен Ұлттар Даму Бағдарламасының Қазақстанда жүзеге асырған  табиғи ресурстарды орнықты пайдалану мен биоәртүрлілікті сақтауға  бағытталған халықаралық жобаларының нәтижелері көрнекті түрде айғақтап отыр.

ҚазМШЖӨҒЗИ баспасөз қызметі