МӘЖІЛІСТЕ ІРІ ҚАРА МАЛ ӨСІРУ САЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

By | 18.04.2018

17 сәуір күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасында қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласының нақты жағдайы, даму перспективалары және проблемалары» тақырыбында Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі. 

Отырысқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері, Қазақстанның Ет Одағының өкілдері, мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы және оның Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары бойынша өкілдіктері, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және аграрлық бизнес өкілдері қатысты.

Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған қазіргі және жоспарланып отырған іс-шаралар жайында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндап берді.

Саладағы өзекті мәселелер және осы мәселелерді шешу бойынша өз көзқарасын қазақтың ақбас тұқымының республикалық Палатасының Атқарушы директоры Қабыл Исабеков қосымша баяндамасында сөз етті.

Сондай-ақ, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты мал өнімдерін өндіру технологиясы және стандарттау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қыдырбай Аманжолов баяндамасымен сөз сөйледі. Ол қазіргі уақытта қазақтың ақбас тұқымымен асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмысын ұйымдастыру малдан алынатын төлдердің жоғары өнімділігіне негізделгенін тілге тиек етіп, асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыр тұқымының шығу тегінің нақтылығын сапалы және жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін заңнамалық деңгейде генетикалық материал үлгілерін зерттеп, малдың етті тұқымдарының шығу тегін анықтау механизмін бекіту қажеттігін атап өтті және Қазақстан Республикасы Агроөнеркәсіптік кешенінің ғылыми-зерттеу мекемелері ауыл шаруашылық малдарына арналған генетикалық сынақтарды анықтаудың біріңғай отандық әдістемесін жасауды ұсынды.

Өз кезегінде, депутаттар мен ғалымдар аталған мәселенің өзектілігін атап өтіп, республикадағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру мәселелерін шешу үшін жүйелік көзқарасты жасап шығаруды ұсынды.

«ҚазМШЖӨҒЗИ» баспасөз қызметі.

Фото: Сайлау Майлыбаев