МЕМЛЕКЕТТІК КӨМЕК ТӨРТ ТҮЛІКТІ КӨБЕЙТТІ

By | 18.05.2018

Елбасы халыққа арнаған бір сөзінде «Боинг» ұшағын құрастырып америкалықтардан, «Мерседес» шығарып немістерден оза алмайтындығымызды айтты. Қазақстанда әлемдік нарыққа еркін шығатын бір жол бар, ол ауыл шаруашылығы деді.  Расында, ұлан-ғайыр даласы бар  Қазақстанның өзге жұртпен теңесетін жері осы. 

Мәселен, Оңтүстік Кореяның сиыр малы өте өтімді. «Мәрмәр» деген атау алған, бір ет, бір май сиыр етін әлемнің жетекші елдеріне экспорттап отырған осы Оңтүстік Корея жем-шөпті негізінен сырттан сатып алады.

Өздері иінтіресіп отырған, жайы­лым­дық жері жоққа тән корейлер жаңа тех­нологияның арқасында осын­дай дәрежеге жетті. Құдайға шүкір, Қазақ­станның да әлемдегі мал шаруа­шылығына байланыс­ты игіліктерге қолы жетіп жатыр. Ең бастысы, мал азығына қажетті құрамажемді дайындауға мүмкіндігі үлкен. Төрт түлік соңғы жылдары айтарлықтай көбейді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы бер­ген деректерге сүйенсек, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыпта­сып, агроөнеркәсіптік кешеніне салынып жатқан инвестициялар еселеп өсіп келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайған.

Ал облыста мал басы, өткен ға­сыр­дағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйіз­ді ірі қара – 29,6 пайыз, жылқы – 50,4 пайыз, түйе саны 52,5пайызға көбейіп отыр. Оның ішінде, соң­ғы 5 жылда ұйымдас­тырыл­ған ша­руа­шылықтарда ет өңдіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндірудің өсімі 1,6 есеге артып отыр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аймақ тарихында алғаш рет ауыл шаруашылық өнімдерін тарату нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасы қабылданды.

Агрокартаны іске асырудың 2018-2022 жылдарға арналған ег­жей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда ішкі нарықты мо­лықтыру мен экспортқа өнім шы­ға­руға негізделген екі бағыт ай­­қын­далды. Осы бағытта экспорт көле­­мін 2022 жылға 5 есеге арттыру көзделген.

Ал өткен жылы облыс аусыл ауыруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында, былтырғы жылдың өзінде Иранға, Моңғолияға, Біріккен Араб Әмір­ліктеріне 2,4 мың бас тірілей қозы ет бағытында экспортталды.

Қазір Иран, Қытай, Моңғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өн­дірілетін табиғи өнімдерге үл­кен қызығу­шылық танытып, агро­секторға инвес­тиция салуға, өнді­ріл­ген ауылшаруа­шылығы өнімдерін са­тып алуға дайын екендігін білдіріп отыр.

Бүгінде облыста ет экспортын қам­­та­масыз етудің негізі қаланды. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, облыста тұқым түр­лен­діру жұмыстары жалғасуда. Жаңадан 134 дана ұңғыма іске қосылып, 25 мың гектар жайлымды суландыру қамтамасыз етілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруа­шы­лықтар құрылып жатыр. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұ­қымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды. Жылы­на 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бор­дақы­лай­тын алаңдарының құ­ры­лыс­тары салынды. Жем қорын қа­лып­тас­тыру мақсатында да облыста егін ша­руашылығын әр тараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрамажем өндіретін екі зауыт іске қосылды.

Биылғы жылы халықаралық с­тан­­дарттарға сәйкес келетін «Сыр Маржаны» серіктестігінің ет ком­би­на­ты­ның құры­лысы басталмақшы. Сонымен бірге сүт шаруашылығын дамыту үшін облыста тауарлы сүт фермаларының өндірістерін ұл­ғайту мақсатында жаңа жобалар­ды іс­ке асыру көзделіп отыр. Биылдың өзінде Шиелі ауданында 1200 бас­қа арналған «Сыр Агро и К» серік­тес­тігінің тауарлы сүт кешенінің құры­лы­сы басталса, «Асылхан» шаруа қожа­лығының 200 бастық сүт та­уарлы фермасы іске қосылды.

Ет, сүт шаруашылығын да­мытумен қатар, облыста ширек ғасыр бойы тұралап қалған құс ша­руашылығы да қолға алынуда. Был­тыр Шиелі ауданында алғашқы жұ­мыртқа өндіретін «Мөлдір и К» серік­тестігінің құс фермасы іске қосыл­са, Қармақшы ауданында «Қар­мақшы құс» серіктестігінің 1500 тонна құс етін өндіретін фаб­ри­касының құрылысы басталды. Сонымен қатар Қызылорда қала­сын­да ет бағытындағы «Орда» шаруа қожалығының, жұмырт­қа ба­ғы­тын­дағы «Самұрық құс» серіктес­тігінің құс фермалары жұмыс жасауда.

Өткен жылдан бастап «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруа­шылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлініп, «ОрдаАгро­техноло­гия» серіктестігі 150 бас асыл тұқымды СантаГертруда, «Бекарыс АгроФуд» серіктестігі 300 бастық қалмақ тұқымды репродуктор шаруашылықтарын құрды. Сондай-ақ «Саламат Агро» серік­тес­тігі 1,5 мың бастық мүйізді ірі қара бордақылау алаңы мен шағын ет ком­бинатын іске қосса, биыл шағын ет ком­бинатымен 3,0 мың бас­тық бор­­да­­қылау алаңын жандандыратын «Шаған Агро Фуд» се­ріктестігімен өзгеде жобаларға бюд­жеттен 1,3 млрд тең­ге қар­жы қа­растырылып облыста мал шаруа­­­шы­лығын дамытудың кластерлік негізі қалыптастырылуда.

Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі 17 пайызға, сүт өндірісі 7 пайызға, жұмыртқа 65 пайызға, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.

Міне мемлекеттік қолдаулар осындай межелері бағындыруға негіз жасап отыр. Қызылорда облысы Бетпақдаламен шектесіп жатыр. Жазатайым көлігің бұзылып далада қалып қойсаң, бір жұтым су татырмайтыны осы Бетпақдаланың асты толы кен дегенді атақты ғалым Кәрім Мыңбаев айтқан деседі. Жер асты суы да мол, бұл дала қазақтың көк орай шалғын оазисы болады дегенді де айтыпты.

Бір әңгімеде Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ғалым Әбдірах­ман Омбаев «Бетпақдалада жайылған малды қоңыр күзде бір аптаға жет­кіз­бей соғымға жы­ғып алсаң, оның еті ет емес нағыз дәру­мен болады» де­генді айтып еді. Өйт­кені шөбінің құ­нары мол әрі минерал­дарға бай екен.

Жақында Жаңақорған ауданында IV малшылар слеті өтті. Заты қызылордалық болғанымен осы слетке республиканың барлық аймағынан тәжірибе алмасу үшін өкілдер келеді. Осыны аңғарып жүрген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келер жылы республикалық малшылар слеті етіп өткізуді ұсынды.

– Қазіргі таңда Мемлекет басшы­сы­­ның тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша шаралар қа­рас­ты­рылуда. Осы орайда, жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңір­лерден қаты­сушы­лардың саны артып келе жат­қанын ескере отырып Үкіметке, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне келер жылы біз­дің облыста бірінші респуб­лика­лық малшылар слетін өткізу­ді ұсына­мын. Ұсынысты Ауыл шаруашы­лығы министрлігі, қатысып отырған өңір­л­ер­дің және республикалық палата өкілдері қолдайды деп ойлаймын, – деді ол.

Мал – баққанға бітеді. Мемлекет­тік қолдаулар аймақтағы мал басын көбейтуде осындай жақсы нышандарымен көрініп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан», 16 мамыр 2018 ж.