ШОШҚА ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН БОЛАШАҒЫ БАР МА?

By | 04.05.2021

Каримов А. А., Кожемжаров Е. С.

Кез-келген етке, оның ішінде шошқа етіне сұраныс халықтың қажеттілігінен туындайды. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының жалпы саны 18 897 898 адамды құрайды. Бұл ретте Қазақстан-көп ұлтты халықтар тұратын мемлекет.

            2020 жылдың басындағы деректерге сәйкес қазақтар халықтың көп бөлігін (69 %), одан әрі орыстар (18,27 %), өзбектер (3,25 %), ұйғырлар (1,47 %), украиндар (1,42 %), татарлар (1,08 %) құрайды және аз пайыз болсада басқа халық өкілдері бар.  Яғни, шошқа етін жеуге тыйым салынбаған ұлттық дәстүрлі мәдениеттегі халық саны шамамен 20% құрайды, яғни кем дегенде 4 000 000 адам саны бар.

         Халал талаптары біздің халқымыздың күнделікті өмірінде кең таралған, бірақ шошқа етін өндіруге тікелей әсер етпейді, өйткені шошқа еті тек ислам дінін ұстанатын халық арасында тұтынылмайды, бірақ елде тыйым салынбаған, өйткені біз әр ұлттың ерекшеліктерін ескеретін көпұлтты халқы бар зайырлы елміз.

         Статистикалық деректер бойынша Қазақстанда жылына жан басына шаққанда барлығы 64,2 кг ет, ал талдап қарасақ, оның ішінде 25,3 кг сиыр еті, 8,5 кг қой еті, 6,2 кг жылқы еті, 5,6 кг шошқа еті, 17,6 кг тауық еті тұтынылады. Бұл сандар шошқа етін тұтыну қой мен жылқы етінің көрсеткіштерінен артта емес екенін көрсетеді. Бұрын, мысалы, 1990 жылы шошқа басы 3,2 миллионнан астам басты құрап, шошқа етінің ішкі қажеттілігі ішкі өндіріс есебінен толығымен жабылса, ал қазір олардың саны– 850-900 мың аралығында азайып, шошқа етімен халықтың сұранысын қамтамасыз етуде төмендеу үрдісі бар.

         Бүгінгі таңда шошқа еті Қазақстандағы ең танымал ет түрі емес. Тұтыну көлемі бойынша ол сиыр, құс, қой және жылқы еттерінен кейін бесінші орын алады. Бұл ретте, Еуроодақтың (Eurostat) статистикалық қызметінің ақпараты бойынша, Еуропада бұл көрсеткіш жылына бір адамға 45 кг, Қытайда – 40 кг, Ресейде – 30 кг құрайды.

          Eurostat көрсеткіштеріне сәйкес, 2019 жылы шошқа етінің әлемдік тапшылығы 10 миллион тоннаны құрады және бұл цифр жыл сайын өсуін жалғастыруда. Қазіргі кезде мұндай шошқа етін өндіретін өндіріс көлемі жоқ, болған емес және жуықтағы 3-5 жылда болмайдыда, яғни еттің осы түрінің бағасы алдағы уақытта әрқашан өседі деген сөз.

        Шошқа шаруашылығы – мал шаруашылығының ең тиімді бағыттарының бірі екенін атап өткіміз келеді. Ірі қара малды өсіру үшін орта есеппен үш жыл, ал шошқа өсіруге – 6 ай қажет болады. Шошқалар өте көп төлді жануар, егер зоогигиеналық-санитариялық талаптарға сәйкес құрамы сәйкестендірілген құнарлы рацион болып және дұрыс бағылып, күтілсе, мегежіндерді жылына екі рет туғызып, 26-28 торайға дейін алуға болады. Сөйтіп, шошқа өсіруден алғашқы кірісті 12 айдан кейін алуға мүмкіндік бар. Шошқа кешенін салуға және іске қосуға орта есеппен 1-1,5 жыл қажет болады, ал тағы бір жылдан кейін бизнес өзін-өзі ақтайтын болады.

        Егер еттің бағалары туралы айтатын болсақ, онда шошқа етінің бағасы басқа ет түрлеріне қарағанда 5% баяу өседі – ол аймаққа байланысты сиыр етінің бағасынан 15-25% аз болып, сәйкесінше қой мен жылқы етінің бағасынан төмен болады.

          Шошқа етін өндіру нарығындағы болашақ көріністер өте әсерлі: соңғы мәліметтер бойынша, тек 2020 жылдың шілдесінде ҚХР 1 миллион тоннаға жуық шошқа етін 2,90 миллиард долларға импорттады. Африкалық шошқа обасының (AШО) салдарынан туындаған сұраныс пен ішкі өндіріс арасындағы алшақтық, 2020 жылы Қытайда ет импортының бұрынғыдан да тез өсуіне әкелді. Мамандардың айтуынша, ел шошқа етін 2018 жылдың деңгейіне дейін өндіруді кем дегенде 2025 жылға дейін қалпына келтіре алмайды.

         Қытайлық тарапты тек шошқа өсіру кешендерінде алынған гибридті жануарлар қызықтыратынын есте ұстаған жөн (шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар есепке алынбайды). Біздің  Қазақстандағы кешендерде өсірілетін шошқалардың үлесі шамамен 31,12% құрайды, ал елдегі шошқа шаруашылығымен жүйелі түрде айналысатын кешендер саны жетіден аспайды. Нәтижесінде мал шаруашылығының басқа салаларымен салыстырғанда өнеркәсіптік шошқа шаруашылығының үрдісті дамып, өсіп, елімізге көп кіріс әкелуде, еліміздің экономикасын нығайтуда  болашағы зор деп айта аламыз.

           Біздің еліміздің көршілес (Ресей, Қытай) елдерімен салыстырғанда заманауй бәсекелестік нарықтық экономика кезеңінде зор маңызға ие болатын бәсекелестік артықшылықтары бар: атап айтқанда Қытай, Ресей шекарасына жақын орналасқандықтан көлік шығындарының төмендігін, жемшөптің төмен құнын және дамыған жемшөп базасының болуын, дамыған көлік инфрақұрылымының болуын ескере отырып, қазақстандық шошқа етін өндірушілердің қытай, орыс нарығында тұрақты орнығуға барлық мүмкіндіктері бар.

          Қазіргі уақытта Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мамандары өз қаражаты есебінен шошқа шаруашылығы жөніндегі ғылыми бағдарламаны жүзеге асыруды бастады. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелері Алматы облысының осы институтпен шаруашылық шартқа отырған шошқа кешендеріне мал басының өнімділігін арттыруға және сол арқылы таяудағы үш жылда өз өнімінің Қытайға, Ресейге экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

         Сонымен қатар, ҚР АШМ мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша өз істерінде шошқа шаруашылығына зор көңіл бөледі, өйткені бұл сала-жалпы мал шаруашылығы саласының тез өсіп келе жатқан, өте табысты, кірісті, пайдалы, сол себепті экспорттық нарықтарда, әсіресе Ресей мен Қытайда жақсы бағаланады. Сондықтан біз шошқа өсірумен айналысып, жаңа кешендер салуымыз керек. Шошқа кешендерін салудың белгілі бір стандарттары және мемлекет тарапынан талаптары бар, яғни оларды жақын елді мекендерден қандай қашықтықта орналастыру керек және т.с.с.. Егер олар тұрақты болса, онда ешкім бизнесті жүргізуді жабуға немесе тыйым салуға құқылы емес. Онда адамдар жұмыс істейді және отбасыларын күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, асырап, әртүрлі мұқтаждықтарын өтейді және ел бюджетіне уақытында салық төлейді.

         Бір ескеретін жайт, негізінен жергілікті ислам дініндегі халқы бар  және ислам дінін тұтынбайтын 10%  басқа ұлт өкілдері тұратын Индонезия елінде, бүгінде 5,5 миллион бас шошқа өсіріледі. Елде шошқа шаруашылығының болуы халық арасында ешқандай қайшылық тудырмайды. Сонымен қатар, бұл ауыл шаруашылық саласынан елдің экономикасына келетін кіріс ислам елінің мемлекеттік бюджетін толықтырудың маңызды көзі болып табылады.