Ғылыми зерттеулер

СҮТТІ ІРІ ҚАРА ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР

АЛАТАУ СҮТТІ ІРІ ҚАРА  ТҰҚЫМЫ

Тұқым Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ жетекшілігімен Қырғыз мал шаруашылығы ҒЗИ, Бүкілодақтық мал шаруашылығы институты және Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты ғалымдарының қатысуымен жергілікті малды швиц тұқымымен шағылыстыру арқылы 1950 жылы шығарылған. Түсі қоңыр.

Бәсекеге қабілеттілік қасиеттері: сүт ақуыздылығы, ет өнімділігі, лейкоз және мастит ауруларына резистенттілігі, шетелдер мен еліміздің көптеген аймақтарының табиғат жағдайларына бейімделушілік қасиеттерінің жоғарылығы. Бұқалар мен сиырлардың тірілей салмағы 850-1000, 500-600 кг. Бордақылаудағы бұқашықтардың тәуліктік салмақ өсімі 800-900 г., сойыс шығымы – 53-60%. Сауым мөлшері 4,0-4,5мың кг.


ӘУЛИЕАТА СҮТТІ ІРІ ҚАРА МАЛ ТҰҚЫМЫ

Тұқым Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ жетекшілігімен, Қырғыз мал шаруашылығы ҒЗИ, Бүкілодақтық мал шаруашылығы институты және Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты ғалымдарының қатысуымен 1952 жылы жергілікті малды голландия тұқымымен шағылыстыру арқылы шығарылды. Түсі қара-ала. Әулиеата тұқымы таулы аймаққа, сондай-ақ оңтүстіктің ыстық ауа райы жағдайларына өте жақсы бейімділігі және қансорғыш паразиттерге табиғи резистенттілігімен ерекшеленеді. Бұқалары 800-950 кг, сиырлары 450-530 кг тірілей салмақ тартады. Орташа сүттілік – 3000-3800, рекордтық – 9988кг, майлылық – 3,7-3,8%. Әулиеата сиырлары жақсы бордақыланады. Оңтүстік-Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында өсіріледі.


СҮТТІ ІРІ ҚАРАНЫҢ ҚОҢЫР СҮЛЕСІ – «АҚЫРЫС»

2007 жылы асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде алатау тұқымы сиырларын америкалық селекциядан өткен щвиц тұқымы бұқаларымен өндіре будандастыру және жақсарту арқылы сүтті ірі қараның қоңыр сүлесі «Ақырыс» шығарылып, сынақтан өткізілді. Сиырлардың тірілей салмағы 500-550 кг және одан да жоғары, бұзаулардың туылғандағы салмағы 35-38 кг. 18-айлық қашарлар – 350-400 кг, ал бордақыланған бұқашықтар 450-500 кг салмақ тартады. Сиырлардың сүттілігі айтарлықтай, бірақ арнайы сүтті тұқымдармен салыстырғанда төмен. 4322 бастан тұратын асыл тұқымды сиырлардың орташа сүттілігі – 4949 кг, сүт майлылығы – 3,86%.


СҮТТІ ІРІ ҚАРАНЫҢ ҚАРА-АЛА СҮЛЕСІ – «САЙРАМ»

Әулиеата сиырын, енелерінің сауым маусымындағы сүт өнімділігі 9000-10000 кг болатын, голштин тұқымы жетекші желілері бұқаларының ұрықтарын пайдаланып, жақсарту арқылы сүтті ірі қараның «Сайрам» қара-ала сүлесі шығарылды. Мал сүтті бағытқа сай, денетұрқымен, желіндерінің жақсы жетілуімен, аяқтарының дұрыс орналасуымен сипатталады. Ересек сиырлар орта есеппен – 502, тұмса сиырлар – 464, бұқалар 786-800 кг салмақ тартады. Сиырлардың бірінші сауым бойынша орташа сүт өнімділігі – 4800 кг, ересек сиырлар сүттілігі – 5000-5500 кг, сүт майлылығы – 3,8-3,9%, ақуыздылығы – 3,1-3,2%.


СҮТТІ ІРІ ҚАРАНЫҢ ҚЫЗЫЛ-АЛА СҮЛЕСІ – «ЕРТІС»

2009 жылы Қазақстанның солтүстік-шығысында өндіре будандастыру арқылы сүтті ірі қараның жаңа «Ертіс» қызыл-ала сүлесі сынақтан өткізілді. Сүле будандастыруларда арнайы сүтті ірі қара тұқымдары – қызыл-ала голштин, монбелярд, қызыл-ала неміс, ішінара айршир бұқаларын пайдалану жолымен шығарылды. Қашарлардың тірілей салмағы – 340-380 кг-ға, бірінші бұзаулағаннан кейін – 450-480 кг-ға, ересек сиырлар 525-560 кг-ға жетеді. Бұқашықтардың 15 айдағы сойыс шығымы – 55-58%, тірілей салмағы 400 кг болады. Асыл тұқымды сиырлар тобы бойынша 305 тәуліктік сауым маусымындағы орташа сүттілік 5003 кг, сүт майлылығы 3,79% болады. Селекциялық топ бойынша бұл көрсеткіштер 6115 кг, 3,81%, ал ауытқу шектері, тиісінше, 5000-7652 кг және 3,78-3,84% аралығын қамтиды. Сүттің сауылу қарқындылығы – 1,80-1,87 кг/мин.


ЕТТІ ІРІ ҚАРА ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯ ЖЕТІСТІКТЕРІ

ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ

Тұқым Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ, Бүкілодақтық мал шаруашылығы институты мен шаруашылық мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде жергілікті қазақ, қалмақ сиырларын герефорд тұқымы бұқаларымен өндіре және сіңіре будандастыру нәтижесінде шығарылып, 1950 ж. сынақтан өтті. Қазақтың ақбас сиырларында бастапқы тұқымдардың ет өнімділігінің сапасы, тезжетілгіштігі, бейімделушілік және өсімталдық қасиеттері тұрақты тұқым қуалайды. Малдың еттілік пішіні анық байқалады. Бұқалары – 850-1000, сиырлары 500-550кг тірілей салмақ тартады; асыл тұқымды шаруашылық-тардағы рекордтық көрсеткіштер бұқалар мен сиырлар тобында тиісінше 1200-1400 және 650-1038 кг-ға тең. Қарқынды өсіру және бордақылауда 15-18 айлық бұқашықтардың салмағы 450-470 кг-ға жетеді. Жайылымда және бордақылауда жақсы қоңданады. Тұқымды жетілдіру барысында малдың қарқынды өсу ұзақтығын арттыруға бағытталған сұрыптау жұмыстары жүргізілуде.
Екі кезеңді бағалау нәтижесінде бұқашықтарының 8-13 ай аралығындағы тәуліктік салмақ өсімі 1000-1200г болатын, тезжетілгіштік қасиеттерді жақсартушы бұқалар анықталды. Тұқым, селекциялық жетістік ретінде сынақтан өткен, 4 тұқыл мүйізді аймақтық сүле мен 21 зауыттық желілерге ерекшеленеді. Олар төлдерінің тезжетілгіштігімен сипатталып, осы көрсеткіш бойынша тұстастарымен салыстырғанда – 6-10, тұқым стандартымен салыстырғанда 23-31%-ға басым түседі. Тұқым Қазақстанның барлық аймақтарына таралған.


ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯ ЖЕТІСТІКТЕРІ

КӨШІМ ЖЫЛҚЫСЫ

Етті-сүтті өнімділік бағыттағы көшім тұқымы жергілікті қазақы биелерді желісті, тазақанды мініс және дон тұқымдарының айғырларымен күрделі будандастыру нәтижесінде 1976 жылы шығарылды. Жылқының түсі негізінен жирен, торы, қоңыр, қаракер, қара.
Айғырларының орташа тірілей салмағы – 590 кг, биелерінікі – 520 кг, 2,5 жасар құнандарының ұша салмағы – 280 кг, сойыс шығымы – 53%. Биелердің сүттілігі жылына – 2100-2200 л.
Көшім тұқымының жылқылары басқа тұқымдардан тезжетілгіштік, төлшеңдік, жоғары ет, сүт өнімділіктері, жыл бойы жайылымда бағылуға бейімделушілік және экономикалық тиімділік секілді бағалы шаруашылық-пайдалы қасиеттері бойынша ерекшеленеді.
Көп жылдар бойына жүргізілген таза тұқымды асылдандыру жұмыс-тарының нәтижесінде, айғырлары мен биелерінің орташа тірілей салмағы тиісінше 605 және 520 кг болатын, жоғары өнімді келесідей айғырлардың зауыттық желілері шығарылды: Крепыш, Гром, Самоцвет, Ласковый, Хитрец, Байкал. Желілік айғырлар мен биелерді пайдалану негізінде көшім тұқымының «Рза-Ақтөбе» және «Жанғала» зауыттық сүлелері шығарылды. Олар тұқымның тектік және өнімділік қасиеттерінің жақсаруына ықпал етті. Зауыттық сүлелер жылқыларының тірілей салмақ бойынша селекциялық дифференциалы айғырлар мен биелер тобында тиісінше 92 (18%) және 44 кг-ға (9%) тең. Айғырлардың массивтілік индексі 147%-ға жетеді.


ҚАЗАҚТЫҢ ЖАБЫ ЖЫЛҚЫСЫ

Қазақтың жабы бітімдес жылқылары – ғасырлар бойы табиғаттың қатал жағдайында қазақ халқының жүргізген селекциясы нәтижесінде шығарылған, жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген, сыртқы орта жағдайларына төзімді, етті-сүтті бағыттағы тұқым. Биелерінің төлшеңдігі (85-90%), сүттілігі (сауым маусымында 2000-2300 кг) жоғары.
Қазақтың жабы бітімдес жылқыларының ет өнімділігі жоғары, 9 жасар биелерінен алынған ұшалардың орташа салмағы 253,2 кг, сойыс шығымы 55,5%-ға, 2,5 жасар құнандарда бұл көрсеткіштер 226,8 кг және 57,4%-ға жетеді. Құнандар ұшасындағы сүйек пен ет-май ұлпаларының қатынасы 1:4,7-ге сәйкес келеді. Жабы жылқыларының 18-42 айлық тай-дөнендерінің ет өнімділігі сапасының жоғарылығымен ерекшеленеді. Осы жас мөлшеріндегі жабы жылқыларының ет және ет өнімдері аса бағалы ұлттық тағамдар қазы, қарта, жал, жая және телшік дайындауда барынша құнды болып табылады.
Қазақтың жабы бітімдес жылқылары тобында 2010 жылы, айғырлары мен биелерінің орташа тірідей салмағы 503 және 450 кг болатын, селеті зауыттық сүлесі шығарылды. Зауыттық сүле ішінде Браслет, Задорный, Памир зауыттық желілері сынақтан өтті.


ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қазақтың биязы жүнді қой тұқымы Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ ғалымдарының жетекшілігімен 1946 ж. шығарылған. Тұқымдық қошқарларының орташа салмағы 100-120 кг, табиғи жүн түсімі 8,0-12,0 кг, таза жүн шығымдылығы 49-52%, жүн ұзындығы 9-12 см., жіңішкелігі 58-64 сапалы. Саулықтарда тиісінше: 55-75 кг, 4,0-5,5 кг, 50-55%, 8-10 см. Төлшеңдігі – 120 -140%.

Қазақтың оңтүстік мериносы Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ ғалымдарының жетекшілігімен 1966 ж. шығарылған. Қошқарлардың тірілей салмағы 85-100 кг, жүн түсімі 10-12 кг, таза жүн шығымдылығы 52-54%, жүн ұзындығы 9-12 см. Саулықтарда тиісінше: 50-58 кг, 4,5-6,0 кг, 53-56%, 8-11 см. Саулықтардың төлшеңдігі – 100-135%. Ұқсас өнімділік бағыттағы тұқымдармен салыстырғанда, қазақтың оңтүстік мериностарының еттілік қасиеттері жақсы жетілген.

Етті меринос тұқымы Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ филиалы – қой шаруашылығы ғалымдарының жетекшілігімен 2011 ж. қазақтың биязы жүнді қойларын Германияның «Дойче мерино-флейшшаф» қошқарларымен өндіре будандастыру арқылы шығарылды. Қошқарлары мен саулықтарының тірілей салмағы 110-140 және 65-70 кг. Жүн жіңішкелігі – 64-60 сапалы. Саулықтардың таза жүн түсімі 3,5-4,0 кг-ға, төлшеңдігі – 130-140%-ға жетеді.


ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯ ЖЕТІСТІКТЕРІ

«Алатау» кроссы – ақ леггорн тұқымының екіжелілік жұмыртқалағыш кроссы. Қазақстанның барлық аймақтарына таралған. Мекиендерінің орташа жұмыртқалағыштығы – 230-260 дана. 52 апталық жас мекиен жұмыртқасының массасы – 61-62 г, жұмыртқа түсі – ақ. «Алатау» кроссы 1985 ж. 12 сәуірдегі КСРО АШМ №92 бұйрығымен бекітілген.

«Медеу» кроссы – екіжелілік кросс: аталық желі – М-1, аналық желі – М-2. КСРО АШМ 1983 ж. 23 мамырдағы №110 бұйрығымен бекітілген. Аналық желі үйректерінің жұмыртқалағыштығы – 140 -150 дана, балапан шығымдылығы – 70%. 7-апталық бройлер балапандар салмағы 3 кг-ға дейін жетеді.

Пекин үйректерінің жоғары өнімді жаңа «Арман» кроссы. Үйректің бір жұбына шаққанда ет шығымдылығы орта есеппен 455,3 кг-ға тең. «Арман» кроссы 1999 ж. 19 ақпанда Қазақстан Республикасы АШМ №14 бұйрығымен бекітілген.

«Бескөлдің түсті үйрегі». Тұқым Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ және Солтүстік-Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары мен құс шаруашылығы мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде шығарылды.

Шығарылған жоғары өнімді желілер: аталық – БЦ -1, аналық – БЦ -2. Аналық желі үйректерінің орташа жұмыртқалағыштығы – 202,6 дана, балапан шығымдылығы – 70%-ға дейін. 7-апталық бройлер балапандар салмағы 3,4 кг.


МАЛ АЗЫҒЫ ӨНДІРІСІ САЛАСЫНДАҒЫ СЕЛЕКЦИЯ ЖЕТІСТІКТЕРІ

МАЛАЗЫҚТЫҚ ДАҚЫЛДАРДЫҢ ТЕКТІКҚОРЫ

Малазықтық дақылдар селекциясы бойынша 33 жаңа сорт шығарылып, оның 27-сі Қазақстанның селекциялық жетістігі ретінде тіркеліп, өндіріске ұсынылған.
Селекциялық жетістіктердің Мемлекеттік реестріне енгізіліп, пайдалануға ұсынылған дақылдар: еркекшөптің «Тауқұм буданы» (1984), «Прогресс 85» (1994), «Толағай» (1998), «Талаптан» (2005), тарлау қияқтың «Бозой» (1975), бидайықтың «Нарынқол» (1991), тамыржусанның «Ақжелең» (2004), күйреуіктің «Айдарлы 1» (1985), теріскеннің «КЛХ-2» (1990), изеннің «Алматылық құмдық 1» (1985), эспарцеттің «Алматылық 2» (1980), жоңышқаның «Қапшағай 80» (1989), «Дархан 90» (1998), «Жайнақ 96» (2003), малазықтық құмайдың «Цунами 85» (1993) және тәлімі жоңышқаның Майса сорты.
Көпжылдық шөптердің 5 жаңа сорты Мемлекеттік сынақтан өтуде: жоңышқаның тәлімі жағдайда өсіруге арналған, көкбалауса өнімділігі 192 ц/га Балауса, Абадан, еркекшөптің шөлейтті аймақтарға өсіруге арналған, көкбалауса өнімділігі 190 ц/га құрайтын Шарапат, Кемер, Сабат.
Малазықтық дақылдардың тектікқоры 5058 үлгіден тұрады.