Assy-2023 Агробизнес форумы

By | 10.07.2023

2023 жылдың 30 маусымында Еңбекшіқазақ ауданы, Асы жайлауында Алматы облысының әкімдігі ұйымдастыруымен жыл сайынғы “Agro-Business Forum Assy-2023” дәстүрлі форумы өтті. Іс-шара барысында облыс кәсіпкерлері мен шаруалары ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін ұсынды.Көрмені тамашалаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көпшілік алдында сөз сөйлеп, өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолға алынған шаралар жайлы айтты. Ең алдымен ол жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтады.«Ауыл Аманаты мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында облыс бойынша 8,3 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатты тиімді пайдалану үшін әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуымыз қажет. Ендігі жылы бұл бағдарламаға 14 млрд теңге қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Облыс бойынша төрт түлік малдың 65%-ы 133 жайлауда жайылады. Жайылымдар туралы заңға сәйкес, 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары бойынша әр аудан әкімдігі жұмыс жасап жатыр», – деді Марат Сұлтанғазиев.Форумда облыстың агроөнеркәсіп кешенінің мәселесі фермерлермен және ғылым өкілдерімен талқыланды.Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері институттың цифрландыру, селекция және өсімдік шаруашылығы мал азығын өндіру саласындағы соңғы әзірлемелерін ұсынды. Жайлауда ұлттық ойын түрлерінен қыз қуу, теңге алу, тай бәйге, аламан бәйге, күрес және т. б. сияқты дәстүрлі жарыстар өткізілді.