“Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы және даму жолдары” Семинар-кеңесі

By | 01.07.2023

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің фермерлерге қызмет көрсететін «Білім тарату» филиалының ашылуына қолдау білдірді.Жаңа құрылымдық бөлімшенің миссиясы – агросаланың қажеттілігіне қарай, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қысқа мерзімде оқыту, кеңес беру арқылы ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи, тиімді технологияларды, инновацияларды тарату және енгізу.

Бұл туралы 2023 жылдың 27 маусымында Талдықорған қаласында өткен «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ АХУАЛЫ ЖӘНЕ ДАМУ ЖОЛДАРЫ» атты семинар-қеңесте айтылды. Семинар-кеңес жұмысына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры мен ірі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және белгілі қазақстандық ғалымдар қатысып, сөз сөйледі.

Семинар-кеңесті Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына тоқталып, алдағы даму жоспарларымен қысқаша бөлісті.

«Ел Президентінің облысымыздың алдына қойған басты міндеті – халықтың әл-ауқатын және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жетісу облысында негізі бағыттың бірі егін шаруашылығы екенін бәріңіз жақсы білесіздер, демек, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, бұл салаға алдағы уақытта да ерекше көңіл бөлу қажет. Ауылдық жерлерде, тауарлы-сүт фермаларында, жылыжайларда және басқа да шаруашылықтарда жаңа жұмыс орындарын ашып, егін және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жұмысты жандандырамыз. Бұл саланы дамыту үшін тек инвестиция ғана емес, өндіріс, өңдеу және тамақ өнеркәсібінің инновациялық дамуына ғылыми қолдау қажет. Осыған орай, ауыл шаруашылығы ғылымының көрнекті тұлғаларымен кездесіп жатқанымызға қуаныштымын. Сіздердің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арналған пайдалы кеңестеріңіз, ғылыми әзірлемелеріңіз бүгінгі күнге қол жеткізген жетістіктерімізді одан әрі еселеуге зор ықпал етеді деп сенемін», – деді Бейбіт Өксікбайұлы кіріспе сөзінде.

Ауыл шаруашылығы өңірдің экономикалық өсімінің драйвері болып қалуда. Мәселен, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 510 млрд теңгені, 2023 жылы 544 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 2,3 пайызға, мал шаруашылығы 3,5 пайызға өсті.

Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының Басқарма Төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Төреханов Айбын Әдепханұлы – «Жетісу өңірінде мал шаруашылығы мен мал азығы өндірісін дамытуды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету» тақырыбында сөз сөйледі.