«СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ҒАЛЫМ»

By | 21.02.2018

Бүгін Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мәжіліс залында белгілі ғалым, институттың бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор және белгілі  композитор Қыдырбай Жүсіпбайұлы Аманжоловтың 70 жас мерейтойына арналған салтанатты  ғылыми кеңес мәжілісі болды. 

Жиынға институт ұжымы мен ауыл шаруашылығы саласындағы белгілі ғалымдар мен мамандар қатысты.

Ғылыми кеңес төрағасы, институт директоры Әбдірахман Омбаев  кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ғалымның мерейтойлық қуанышына ортақтасу мақсатында жиналғанын мәлімдей келе, мерейтой иесін жемісті «жетпісімен» құттықтады. Сондай-ақ мінбеде сөз алған үзеңгілес-әріптес ғалымдар: Зоология институтының директоры – Әлихан Мелдебеков, Қазақ ұлттық аграрлық университетінен – Есенбай Исламов, Бейбіт Құлатаев, Серғали Рысқұлов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан – Ғалиолла Мейірман, Қазақ механизация және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтынан – Асан Оспанов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінен – Тоқтар Бексейітов, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының белді қызметкерлері – Қадырбай Тәжиев, Талғат Қарымсақов, Михаил Тамаровский және т. б. «сегіз қырлы, бір сырлы ғалымға» жүрекжарды тілектерін арнап сый-сыяпаттарын тарту етті.

Қыдырбай Аманжолов 1948 жылғы 21 ақпан күні Оңтүстік Казақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келген.

Жарты ғасырдан астам өмірін мал өнімдерін өндіру технологиясы, әрі оның сапасын зерттеу және оны өңдеу жұмыстарына арнаған ғалым, профессор 380-нен астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 10 монографияның, 55 кітапшаның, 40 ұсыныстың иегері. 300-ден астам ән мен 200-ге жуық күйдің авторы.

Салтанатты жиын соңында туған күн иесі толғаныспен сөз алып, келген қонақтарға ақтарыла алғысын жеткізді. Қазақтың қасиетті домбырасын қолына алып, көпшіліктің ықыласымен өзі шығарған  «Елес» әнін орындап берді.

ҚазМШӨҒЗИ баспасөз қызметі