«СМУШКОВОЕ ОВЦЕВОДСТВО» КІТАП-АЛЬБОМЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

By | 19.03.2018

Алматыдағы «Полиграфкомбинат» баспасынан Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевтың «Смушковое овцеводство» («Елтірі қой шаруашылығы») атты кітап-альбомы жарық көрді.

Монография Қазақстанда кең танымал қой тұқымы – қаракөл және қазақтың құйрықты қаракөл қойының дамуына арналған. Автордың 47 жыл бойы өндірістік және ғылыми жұмыстары нәтижесінде жинақтаған еңбегі отандық қой шаруашылығын дамытуға бағытталған іргелі еңбек болып табылады.

Бұдан 35 жыл бұрын, кеңестік кезеңде шыққан «Қаракөл қойының қозыларын сұрыптау және тауарлық бағалау» атты жалғыз альбомынан кейін отандық қой шаруашылығында қаракөл қой тұқымын селекциялық- асылдандыру жұмыстарының жаңа бағыттары мен кезеңдері қалыптасып, оларды ғылыми жүйелеу қажеттілігі туды. Араға ұзақ уақыт салып жарық көрген бұл кітап елтірі қой шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуімен сипатталады. 1998 жылы қазақтың қайталанбас құйрықты қаракөл қойы шығарылып, оның терісін өңдеуде жаңа ішкітұқымдық және зауыттық түрлері дамыды.

Профессор Әбдірахман Омбаевтың орыс тілінде жарық көрген «Елтірі қой шаруашылығы» альбом-кітабы қаракөл қозысы мен қазақтың асыл тұқымды қаракөл қойын іріктеу, қаракөл елтірісі шикізатының стандарттарына арналып отыр. Кітап-альбомға ғалымның жеке мұрағатынан, ертеректе баспадан жарық көрген «Қаракөл қойының қозыларын сұрыптау және тауарлық бағалау» альбом-кітабындағы Игорь Коротков пен академик Хисметолла Үкібаевтың фотоматериалдары, қызметтес әріптестерінің еңбектерінен кейбір суреттер алынғандығы жөнінде де ескертпелер берілген.

6 тараудан, 304 беттен тұратын ғылыми еңбек жоғары кәсіби деңгейде, жүйелі және сауатты жазылған. Кітап ауыл шаруашылығы мамандары мен ауыл шаруашылығы саласының малдәрігерлік және технологиялық факультеттерінің студенттеріне, магистранттары мен Phd-докторанттарына арналған.

ҚазМШӨҒЗИ баспасөз қызметі