АГРАРЛЫҚ САЛА ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ

By | 17.01.2018

Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. 

Шарада Институт басшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев Елбасы жолдауына қолдау білдіре отырып, Жолдаудың «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталған үшінші тармағына ерекше тоқталып өтті.

– Қазір елімізде өнім өндірудің технологиялары жасалған, шикізат өндіру Қазақстанда өз деңгейінде болғанымен, оны өңдеу, сақтау мәселелері әлі қолға алынбай келеді. Осыны Елбасымыз күрделі де, әрі кезек күттірмейтін мәселе ретінде көтеріп отыр. Қазақстанда қаншама шикізат өндіріліп жатыр, халықаралық деңгейге жеткізу үшін оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек. Шет елден әкелінген ірі қара малдарды жерімізге бейімдеп қалыптастыру керек.

Қазір бізде ауыл шаруашылығының қай саласы болмасын  82 пайыз өнім жеке үй шаруашылықтарында өндіріледі. Бұл шаруашылықтарда әлі технология жасалынбаған. Тек өзіміздің ата кәсібімізбен қалыптасқан дәстүрлі мал өнімдері шикізатын өндіру мен оны өңдеу технологиясы жасалынды, ал оны халықаралық деңгейде әлі сәйкестендірген жоқпыз.

Елбасы жолдауында аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінген. Жалпы Қазақстанда аграрлық ғылымда көптеген зерттеулер өзінің нәтижесін беріп жатыр. Соны біз тиімді пайдалануымыз керек.

Оңтүстік Азия мемлекеттерінің көбінде жеке шаруашылықтардың барлығы бір кооперативке біріккен. Сол кооператив арқылы өз өнімдерін сату, өндіру технологиясын жасау мәселелерін бірлесе атқарады. Осы мәселеге Президент қатты мән берген. Қазақстанның өнімі қай уақытта болмасын ерте замамннан-ақ экологиялық таза өнім болып есептелінеді. Осы жолдаудағы көрсетілген нақты міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін институт бойынша іс-шаралар жасап жатырмыз, – деді Әбдірахман Омбаев.

Институт ұжымының ғалымдары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары  Қ.Аманжолов, М.Тамаровский, профессор К.Тәжиев, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Тұрабаев және ауыл шаруашылығы саласының мамандары Жолдауда айқындалған міндеттерді қызу талқылап, ондағы батыл да парасатты шешімдерге қолдау көрсетті.

Жиынға қатысушылар Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы маңызды стратегиялық құжат екенін саралай келе, институт ғалымдары, оны жүзеге асыруға әрбір маман, ғалым заман ағымынан қалмай озық өндірістік технологияларды меңгеріп, ортақ мүдде, ортақ мақсат жолында бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Айдос ҚЫРҒЫЗБАЙ,

Айқын газеті, 19.01.2018 (№10)