ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС ТҰҚЫМЫ – ҰЛТТЫҚ БРЕНД

By | 25.06.2018

21 маусым күні Қазақтың ақбас тұқымының республикалық Палатасы Ақмола облысы Бұланды ауданында Тұқым кеңесінің көшпелі семинарын ұйымдастырды.

Бұл семинардың негізгі мақсаты – қазақтың ақбас тұқымының генетикалық әлеуетін арттыру. 

Көшпелі отырысқа Бұланды ауданының әкімі Жомарт Нұркенов, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық Палатасының директоры Қабыл Исабеков, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты мал өнімдерін өндіру технологиясы және стандарттау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қыдырбай Аманжолов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Едіге Насамбаев, Ресей ғылым Академиясының академигі К.М.Джуламанов және басқа да еліміздің аграрлық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми мекеме өкілдері мен шаруашылық мамандары қатысты.

Көшпелі семинарға келген Қазақстан мен Ресейдің аграрлық университеттерінің ғалымдары ірі қараның генетикалық әлеуетін жоғарылатуға қатысты баяндамалар оқып, өзара ой бөлісіп, пікір алмасты. Бұдан кейін арнайы жасалған көрсету алаңында қазақтың ақбас тұқымының әр түрлі жынысты топтардағы түрлеріне сыртқы белгілері бойынша  сапалық бағалау жүргізілді.

Тұқым кеңесінің мүшесі Қыдырбай Жүсіпбайұлының айтуынша, Қазақтың ақбас сиыры – сиырдың етті тұқымы. 1950 жылы қалмақ сиырларын  герефорд  бұқаларымен  будандастыру  арқылы  алынған. Кеңес дәуірінде саны миллионға жеткен бұл ұлттық брендіміз бүгінде 250 мыңға жетер-жетпес. Ақпараттық талдау жүйесінің 2017-жылғы деректері бойынша қазақтың ақбас тұқымын өсірумен республикада 10 мыңға жуық үлкенді-кішілі шаруашылық айналысады. Бүгінде етті бағыттағы осындай асыл тұқымды ірі қара малды бағалаудың стандартын бекітіп, мал шаруашылығының мамандандырылған саласын дамытудың өндірістік және экономикалық маңызы өте зор.

Семинарда қазақтың ақ бас тұқымының стандартын жасау және оны алда құзырлы органдармен бекіту мәселесі қарастырылды.

«ҚазМШЖӨҒЗИ» баспасөз қызметі